Жаңа жылдың қарсаңында корпоративтік басқосулар көбейіп, мейрамханаларда жұмыс қыза түсетіні белгілі. Былтыр дәл осындай қарбалас уақытында полиция орталығына мейрамханалардың бірінде бомба бары туралы ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кейін белгілі болғандай, тиісті органдарды "тік тұрғызған" - Павлодар қаласының 27 жасар тұрғыны. Келіншек 102 нөміріне қоңырау шалып, мейрамханаға бомба қойылғаны жөнінде жалған ақпарат берген.
Сөйтсек, облыс орталығындағы сұлулық салондарының бірінде еңбек ететін, сол уақытта жүктіліктің сегізінші айында болған келіншек әріптестерімен бірге жаңажылдық отырысқа жиналмақ болып, ұйымдастыруды өзі қолға алады.
Қараша айында әріптестерінен корпоравтивтік басқосу үшін ақша жинай бастайды. Ол бұл соманы мейрамханаға бронь жасап, алдын ала тапсырысты ресімдеу үшін төлеуі керек болған. Алайда әріптестерінен жинаған ақшаның барлығын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Әу баста желтоқсан айында өтетін отырысқа дейін қаржы жинап, жұмсаған ақшаның орнын толтырамын деп ойласа керек. Бірақ бұл ойы іске аспай қалады. Оған қоса, сұлулық салоны қызметкерлеріне басқосу орны ретінде өзі көрсеткен мейрамхана да бос болмай шыққан. Тығырықтан шығатын басқа амалды таппаған ол полицияға хабарласып, жалған ақпарат таратқан.
"Сол күні хабар келіп түскен соң оқиға орнына бірден жедел әрекет ету мамандары жіберілді. Саперлар мейрамханадан бомбаға ұқсас жарылғыш заттарды тапқан жоқ. Ал шындыққа жанаспайтын хабар таратқан тұрғын сол күні-ақ анықталды. Ол ескі сим-картаны қолданып, мейрамханаға барар жолда оны лақтырып тастаған", - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталмыш фактіге қарасты терроризм акті туралы жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Күні кеше өткен сот отырысында 3 баланың анасы кінәсін толығымен мойындады. Бұл әрекеті үшін сот оған 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі.