Қасым-Жомарт Тоқаев елорда басқа аймақтарға үлгі болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші көңіл көншітерліктей. Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты.
Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек. Сондықтан дәл осы индекс бойынша келесі жылы Астананың өз рейтингісін жақсартуға мүмкіндігі бар деп есептеймін. Соның арқасында біздің Азиядағы рейтингіміз де артады. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент "Астана басқа аймақтарға үлгі болуы тиіс" деген пікірін де айтып өтті. Шыны керек, шаһардың экономикалық белсенділігі күн сайын күшейіп келеді. Сол себепті, әкімдікке және мүдделі мемлекеттік органдарға жаңа міндеттер жүктеле түспек.