"Өз елімде із қалдырмай sayahattime"

1194

Маңғыстауда тазалық науқаны жүріп жатыр.

"Өз елімде із қалдырмай sayahattime"

Маңғыстау облысында тұрғындар мен туристердің демалыс орындарын қоқыс-қалдыққа толтырып кету проблемасы әлі күнге шешімін таппауда. Осы мақсатта "Өз елімде із қалдырмай sayahattime" науқаны ұйымдастырып, оған қатысушылар адам көп баратын демалыс орындарын тазалап жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Шараға қатысқан еріктілер, өңір белсенділері мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері Ыбықты сай шатқалы маңындағы сенбілікте бір күн ішінде үш тоннаға дейін қоқыс жинапты. Бұдан бөлек, олар Сайын  Шапағат кентінде Каспий жағалауын тазарту жұмыстарын жүргізіп, жетпіс дорбадан астам қоқыс жинаған.

"Акцияның мақсаты - теңіз жағалауын қоқыстан тазарту ғана емес, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін тәрбиелеу мен қоғамның назарын экология мәселелеріне аудару", - деп түсіндіреді белсенділердің бірі Хитеш Вадодария.

Айта кетейік, Сайын Шапағат ауылының маңындағы өткір тұрған тазалық мәселесі бұған дейін облыстық экология департаментінде талқыланды. Оған жергілікті тұрғын Лаура Елеуованың қоқысты тазалауға дұрыс техниканың бөлінбеуі мен "қалдықты топырақпен араластырып көміп тастап жатыр" деп жұмыс сапасына күмән келтірген шағымы себеп болған. Белгілі болғандай, бұл жұмысқа қазуға емес, басқа мақсатқа арналған трактор бөлініпті.

"Белгіленбеген орындарға қоқыс төгу деректері анықталған жағдайда аталған құқық бұзушылыққа жол берген адамдарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылады және бұл құзыреттілік полиция органдарына берілген. Яғни, мұндай жағдайда заң бұзушылықтар орын алса тәртіп сақшылары әрекет етуі тиіс. Ал жергілікті атқарушы органдар болса, бұл ретте ауыл әкімдігі тұрғындар арасындағы осындай дау-дамайдың алдын-алуы керек. Себебі, бекітілген аумақтың тазалығына ауыл әкімдігі жауап береді. Өз кезегінде облыстық экология департаменті заңды тұлғаларға қатысты шара қолдана алады. Бұл мәселе полицияның және ауыл әкімдігінің тікелей араласуымен шешімін табады. Алдағы уақытта бұл даулы мәселенің оң шешілуі "Adaldyq Alany" жобалық кеңсесінің бақылауында болады", - дейді облыстық экология департаментінен. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу