Қызметін асыра пайдаланған шенеуніктерге қатысты сот үкімі шықты

1070

 Қызметін асыра пайдаланған шенеуніктерге қатысты сот үкімі шықты

Қызылордада кәсіпкерлерден пара алып, өз қызметтерін асыра пайдаланған шенеуніктерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қызылорда қалалық №2 сотында Белкөл кентінің бұрынғы әкімі мен оның экономисіне қатысты қылмыстық іс қаралды. Экс-шенеуніктер бизнес ашып, кәсібін дөңгелетуді мақсат еткен азаматтан қомақты көлемде қаражат алғандары анықталды.  Үстіміздегі жылдың 4 сәуірінде жеке кәсіпкер Белкөл кенті әкімдігінен жер телімін сұрап барған. Мұндағылар, мәселені оңтайлы шешу үшін қала әкімдігі жанындағы жер комиссиясы мүшелеріне 500 мың теңге беру керек екенін жеткізген. Шенеуніктердің сөзіне иланған тұрғын келісілген қаражаттың алдымен 200 мың теңгесін, араға бірнеше күннен кейін тағы 200 мың теңге берген. Кент әкімдігінің экономисіне қалған 100 мың теңгені кейінірек жеткізіп беретін айтқан. Сол сәтте жауапты маман қосымша тағы да 150 мың теңге сұраған екен.

Парақор шенеуніктерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстады.

"Кәсіпкер параны Белкөл кенті әкімдігінің экономисіне берген. Қаражаттың басым көпшілігін жеке мақсатына жұмсаған да сол азамат екендігі тергеу кезінде дәлелденді. Сот үкімі бойынша ол екі жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, 10 миллион теңге айыппұл салынды. Ал, ауыл әкіміне 10 миллион 500 мың теңге айыппұл салынды. Екі азамат та өмір бойына лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айырылды", - деп мәлім етті Қызылорда облысытық сотының баспасөз қызметі.  

Шиелі ауданы Гигант ауылының әкімі де жазаға тартылды. Бұл шенеунік жер құжаттарын рәсімдеп беру үшін кәсіпкерден 50 мың теңге пара алған. Мұнан соң қызметтік бөлмесінде "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" аясында Гигант ауылдық округінің аймағынан жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеп, жер телімін жалға беруге шешім шығарып беру үшін тағы бір адамнан 60 мың теңге алу үстінде қолға түсті.

"Сотталушы сот процесі кезінде өз кінәсін толықтай мойындады. Сот үкімімен ол өмір бойына лауазымдық қызметтерді атқару құқығынан айырылып, 7 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді", - деді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінен.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу