Оның сөзінше, Ұлдана Мырзуан анасына 8 қараша күні таңғы сағат 9-да бейнеқоңырау арқылы хабарласқан, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
– Сол күні Шымкент қаласына баруым керек еді. Қызыма "видеоны өшіріп, әдеттегі қоңыраумен сөйлесейік, үйді жинап, жолға шығуым керек" деп айттым. Содан кейін видеоны өшіріп, әдеттегі қоңыраумен сөйлестік.
Әр шақыртуға барған сайын маған хабарласып отыратын. Мен де қызыма "Адамдарға қолыңнан келгенше көмектес" деп айтатынмын. Ол кезде қандай шақыртуға бара жатқанын айтқан жоқ. Себебі, шыққан соң ауыр болғанын немесе жеңіл болғанын айтып отыратын, – деп сөзін жалғады Сәлима Омарова.
Сол күні фельдшер бірдеңені сезген секілді анасымен көбірек сөйлесуді қалаған.
– "Қызым, асығып тұр едім" дедім. Ол да "Мама, телефонды өшірмеңізші, шақыртуға жеткенше уақыт бар, тағы біраз сөйлесейікші" деді. Сол күні азық-түлік алуым керек еді. Ауылда үлкен дүкен жоқ, 20-30 минут жердегі дүкенге баруым керек болды. Таксиге отырып, телефонмен сөйлесіп отырдым, – деді ол.
Біраз уақыттан соң Ұлдана Мырзуан шақырту орнына жеткенін айтқан және жұмыстан шыққан соң қайта хабарласатынын жеткізген.
– "Мама, шақыртуға келдім, шыққан соң сізге хабарласамын" деді. Мен де "Жарайды, шыққан соң хабарласарсың" дедім. Дүкенге барғаным сол еді, заттарымды кассаға апарғанда Әділеттің анасы, яғни құдағиым хабарласты. Екі-үш рет қоңырау шалғасын тұтқаны көтердім. Даусының өзгеріп кеткенін естіп, қорқып кеттім, – деді Ұлдана Мырзуанның анасы.
Құдағиы келінінің үстіне дүкеннің қабырғасы құлағанын айтқан. Көп ұзамай оған үлкен қызы да хабарласып, Ұлдананың ауруханаға түскенін жеткізіпті.
– Үлкен қызым қоңырау шалып, "Тез жетіңіз, билет аламын, Ұлдана ауруханаға түсті" деді. Дүкенде есеңгіреп отырып қалдым. Есімді жиған соң бірден таксиге жүгірдім. Ол кезде түске жақындап қалған еді. Ауылдан Шымкентке жеткенше сағат 16:00-17:00 болды. Ұшақтан түсе сала қызыма келдім, – деді ол.
Сәлима Омарованы онда балаларымен бірге Әділет пен құдағиы күтіп алған.
– Ауруханаға келдім. Мұндай жағдай болады деп күтпедім. Алдымнан балаларым, Әділет пен құдағиым күтіп алды. Қызымды отадан кейін жансақтау бөліміне алып келген екен. Бізді кіргізбей, реанимацияның алдында күзетіп отырдық. Таң атқанша ұйықтай алмадым, – деді ол.
Кейін дәрігерлер ауысқаннан кейін, Ұлдананың анасын ғана реанимацияға кіргізген.
– Жансақтау бөлімінде бірнеше адам жатыр. Қызымның қайда жатқанын бірден таппадым, тіпті өз қызымды тани алмадым. Оны мұндай ауыр жағдайда болады деп ойламаппын. Қызымның бетінен сүйіп, иіскеп, айтқым келген барлық сөзімді айтқым келді. Бірақ қызымның мені естімейтініне көзім жетті. Дәрігерлер көп тұруға болмайтынын айтып, мені сыртқа алып шықты, – деді Сәлима Омарова.