Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының кездесуінде өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиёевті Олимпиададағы айтулы нәтижемен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тоқаев Өзбекстан президентін қарсы алу кезінде көрші елдің қос спортшысының екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғанына тоқталды.
"Олимпиададағы табыспен құттықтаймын! Боксшы Хасанбой Дусматов Олимпиада чемпионы атаныпты. Таеквондошыларыңыз да чемпиондық атаққа қол жеткізді. Қуаныштымыз. Біз бәріміз жанкүйер болдық", - деді Тоқаев Мирзиёевке.
Өз кезегінде өзбек елінің басшысы алғысын білдірді.
Айта кетейік, 9 тамызға ауған түні Өзбекстанның екі бірдей спортшысы Олимпиадада топ жарды, бір қызығы, олардың екеуі де бұл атаққа екінші рет қол жеткізді. Дусматов 2016 жылғы Рио олимпиадасында үздік шығып, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқанымен, кейіннен ұлттық құрамаға оралды.
Ал 22 жастағы таеквондошы Улугбек 68 келі салмақтың финалында иорданиялық Заид Каремнен басым түсті. Ол бұған дейін Токио олимпиадасында чемпион болды.