Gazeta.uz сайтының жазуынша, оған депутаттардың ешқайсысы қарсы дауыс бермеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы – Заң шығару палатасының депутаттары латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін өзгерту туралы заң жобасын мақұлдап, оны Сенат қарауына жолдады.
Десе де, әліпби реформасына қатысты заң жобасы бұған дейін қоғамдық талқылауға шығарылмаған еді.
Заң жобасын Өзбекстан Ғылым академиясы вице-президенті Бахром Абдухалимов таныстырды. Оның сөзінше, бұл – түбегейлі реформа емес, қазіргі әліпбидегі төрт "күрделі" таңбаны жетілдіруге бағытталған өзгеріс.
Жаңа нұсқа бойынша, өзбек әліпбиі 26 әріп пен үш әріп тіркесінің орнына 28 әріп пен бір апострофтан құралады.
Қазіргі қолданыста екі таңба арқылы жазылатын төрт әріп енді бір ғана таңбамен белгіленеді:
Sh → Ş
Ch → Ç
Oʻ → Ö
Gʻ → Ğ
Әліпбидегі өзге әріптер өзгеріссіз қалады.
Депутаттардың бағалауынша, жаңа әліпби мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, электронды платформаларда қолдануды жеңілдетеді.
2020 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев "Өзбек тілін одан әрі дамыту және елдегі тіл саясатын жетілдіру шаралары туралы" жарлыққа қол қойған еді.
Ал 2021 жылы ел Үкіметі латын графикасына кезең-кезеңімен толық көшуді қамтамасыз ету жөніндегі қаулы қабылдап, арнайы жұмыс тобын құрды. Бұған дейін Саида Мирзиёева да осы мәселеге назар аударып, O‘zbekiston сөзінің латын қарпінде бірнеше түрлі нұсқада жазылатынын мысалға келтірді.