Өзбекстан әйелдерге үлкен автобус жүргізуге рұқсат беруі мүмкін

1594

Қазір бұл елде қыз-келіншектер 14 жолаушыдан аспайтын көліктерді ғана жүргізе алады.

Өзбекстан әйелдерге үлкен автобус жүргізуге рұқсат беруі мүмкін Фото: kun.uz

Бұл шектеу елдің көлік саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз етпейді, дейді мамандар. Сондықтан оның күшін заңмен жоймақ. Одан өзге өзбек ағайын жұмыссыз әйелдердің екі қолға бір күрек табуы үшін кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктер де ұсынып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жұмыссыз келіншектерді еңбекпен қамтығандарға грант беріледі.

Өзбекстан билігі әйелдердің құқығын қорғау, гендерлік теңдік саясатын ерекше қолға алды. Әсіресе жұмыссыз әйелдерді еңбекпен қамту мәселесі ерекше назарда. Енді үйде отырған нәзік жандарға жұмыс ұсынған кәсіпкерлер арнайы грант ала алады. Ережеге сәйкес, оны жеңіп алған бизнесмен махаллаларда әйелдер орталығын ашып, 20 қыз-келіншектің еңбек етуіне жағдай жасауы керек. 

"Қаражат отбасы және әйелдерді қолдау қорынан қарастырылады. Яғни, еңбекпен қамтылған әр ана үшін 3 млн сомға дейін қаражат беріледі. Кәсіпкерлердің өтініштері 15 желтоқсанға дейін қаралып, гранттар 20 желтоқсанда үлестіріле бастайды", - дейді Отбасы және әйелдер ісі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Саодат Боймирзаева.

Өзбек билігі әйелдерге үлкен автобустар жүргізуге де рұқсат бермек. Жолаушылар тасымалдайтын көлікті басқару кезінде шамадан тыс физикалық күш жұмсалмайды, дейді. Сондықтан, қазіргі 14 адамға дейінгі жолаушы көлігін жүргізу туралы шектеудің күші жойылуы мүмкін. Яғни, енді өзбек қыз-келіншектері салмағы 2,5 тоннадан асатын үлкен автобустарды да тізгіндей береді.

Осыған дейін бұл елде әйелдердің денсаулығына зиян келетін мамандықтар тізімі жасақталды. Оған негізінен тау-кен, химия, метталургия, ауыр өнеркәсіп сынды салалардағы 95 түрлі мамандық кірген. Бірақ, бұл қыз-келіншектерге қатаң тыйым салынады дегенді білдірмейді. Тек әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғауға және онкологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жауаптылар автобус жүргізуде мұндай қауіп болмағандықтан рұқсат беріп жатқанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу