Өзбекстан Беларусьтен жерді жалға алып, ірі қара мал өсірмек

192

Тараптар уағдаластыққа қол жеткізді. 

Өзбекстан Беларусьтен жерді жалға алып, ірі қара мал өсірмек Фото: unsplash

Қашқадария өңіріндегі кәсіпорындар жалға алынған жерлерде ірі қара мал өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін Беларуське экспорттай бастайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Ақпаратқа сәйкес, Қашқадария облысының делегациясы Беларуське жұмыс сапарымен барып, ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің негізін қалаған. Сапар барысында Өзбекстан өкілдері Витебск облысының бірқатар аудандарында, атап айтқанда, Браслав, Шумилино, Поставск және басқа өңірлерде мал шаруашылығы кешендері мен сауда нысандарының жұмысымен танысқан.

"Asl Yuksalish Savdo", "Muborak qorako‘lchilik" кәсіпорындары мен Шумилино ауданында орналасқан "Сиротинский" мал шаруашылығы фермасы арасында келісімге қол жеткізілді. Құжатқа сәйкес, Өзбекстан тарапы 4 мың гектар егістік жерді ұзақ мерзімге жалға алады. Осы аумақта ірі жоба іске қосылып, алғашқы кезеңде 1 мың бас ірі қара мал өсіру жоспарланған.

"Asl Yuksalish Savdo" кәсіпорны Беларусьтегі "Доброном" ірі сауда желісімен келісімшартқа қол қойды. Осылайша Өзбекстаннан Беларуське жыл сайын 60 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Бұл кептірілген жемістер, бұршақ тұқымдастар, бақша дақылдары мен жүзімге қатысты болмақ.

Тараптар гуманитарлық байланыстарға да тоқталды. Екі елдің туризм саласының өкілдері туристік ағынды арттыру үшін жұмыс істеуге уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу