Өзбек халқының саны тарихта алғаш рет 39 миллионнан асып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Gazeta.uz басылымының мәліметінше, 2026 жылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша елде 39 млн 47 мың 321 адам тұрады. Бұл алдыңғы статистикалық есеппен салыстырғанда 810,6 мың адамға немесе 2,1%-ға көп.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің төрағасы Бехзод Хамраевтың айтуынша, тұрғындардың 19,77 миллионы (50,6%) – ерлер, ал 19,28 миллионы (49,4%) – әйелдер.
Халықтың этникалық құрамында өзбектер – 89,4%. Сонымен қатар елде 1,28 млн тәжік (3,27%), 841,4 мың қарақалпақ (2,15%), 707,3 мың қазақ (1,81%) және 606,5 мың орыс (1,55%) тұрады. Бұдан бөлек, 219,1 мың қырғыз, 194,8 мың түрікмен және шамамен 300 мың өзге этнос өкілдері бар.
Санақтың алдын ала қорытындысына сәйкес, халықтың 54,5%-ы немесе 21,3 млн адам қалаларда, ал 45,5%-ы немесе 17,8 млн адам ауылдық жерлерде тұрады.
Жас құрылымы бойынша 12,5 млн адам еңбекке қабілетті жасқа дейінгі санатқа жатады. Еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар саны 21,7 млн адамды құрап, алдыңғы есеппен салыстырғанда шамамен 400 мың адамға артқан.