Өзбекстан Қазақстаннан артық энергия алды

538

Үкімет отырысында өткен жылыту маусымында қандай кемшілік болды деген сұраққа энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап берді. 

Өзбекстан Қазақстаннан артық энергия алды

Министрдің мәлімдеуінше, 28 желтоқсанда ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүктемесі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"2020 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесінде 4458 технологиялық бұзушылық болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылық саны 11% -ға артты. Өткен жылыту маусымында электр станцияларында электр энергиясын өндіруді нөл МВт-қа дейін төмендеткен 36 тоқтату болды, бұл осыған дейінгі жылыту маусымымен салыстырғанда 14%-ға аз", –  деді Нұрлан Ноғаев. 

Ол өткен жылыту маусымында болған ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүктемесі 15 822 МВт құрағанын, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4%-ға артық екенін айтты. 

Нұрлан Ноғаев электр желілерінде тіркелген ірі технологиялық ақаулар жайлы да сөз қозғады. 

"2020 жылғы 20-21 қарашада және биыл 5 - қаңтарда Өзбекстанның энергия жүйесі тарапынан энергияны артық алу және апаттық теңгерімсіздік салдарынан Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесі Солтүстік-Оңтүстік транзиті бойынша бөлініп, асинхрондық режимді жоюдың аварияға қарсы автоматикасының әрекетімен Солтүстік және Оңтүстік аймақты жалғайтын 500 кВ үш әуе электр беру желісі ажыратылды. Соның салдарынан Алматы, Шымкент қалаларына және Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарына электр энергиясын беруге шектеу  енгізілді", – деді министр. 

Оның айтуынша, 10-18 қаңтар аралығында Атырау, Маңғыстау облыстарының тұтынушылары электр энергиясынан ажыратылды. 

"Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің технологиялық бұзушылықты тергеп-тексеру нәтижелері бойынша апаттың себебі бірқатар факторларға байланысты екені, атап айтқанда: қолайсыз ауарайы және жүйелік оператор тарапынан тиісінше пайдаланбау мен дер кезінде шара қабылдамау салдарынан болғаны анықталды. Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша осындай технологиялық бұзушылыққа жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау энергия тораптарының электрмен жабдықтау сенімділігін күшейту бойынша ұсыным әзірленіп нақты тапсырма берілді", – деді энергетика министрі. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу