Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі Сырдария облысының Мәлік ауылындағы Қорғаныс министрлігінің қоймасында жарылыс салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады. Бастапқыда ведомствода зардап шеккендер мүлдем жоқ деп сендірді. Алайда қазір бірден 16 адамға шұғыл медициналық көмек қажет екені белгілі болды.
"Сағат 05:01-де Сырдария облысы Сырдария ауданы Мәлік ауылындағы жарылыс туралы аудандық жедел жәрдем бөлімшесіне хабарлама келіп түскені белгілі болды. Кейін оқиғадан зардап шеккен 16 пациенттің 12-сі Сырдария аудандық медициналық бірлестігіне жеткізілді. Барлық зардап шеккендерге жедел алғашқы көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, 5 азаматқа Сырдария аудандық медициналық бірлестігінің жедел жәрдем бөлімшесінде амбулаториялық көмек көрсетілді, 7 пациент ауруханаға жатқызылды. Тағы 4 науқас республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығының Сырдария филиалына стационарлық бақылауға алынды", – делінген Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ олар зардап шеккендердің арасында ауыр жарақаттанған, жағдайы күрделі науқастар жоқ екенін атап өтті.
22 қазанға қараған түні Сырдария облысы Мәлік ауылындағы Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің қоймасында жарылыс болғанын еске саламыз.