Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Еурокомиссия сарапшыларымен бірге визалық рәсімдерді жеңілдетуге қатысты келіссөздердің алғашқы кезеңін өткізді. Бұл талаптар еңбек мигранттары, студенттер, жүк көлігінің жүргізушілері және туристік топтарды қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Келіссөздердің алғашқы кезеңі Ташкент қаласында өтті. Өзбекстандықтар үшін визалық тәртіпті жеңілдету мәселесін Еурокомиссия отырысының күн тәртібіне енгізу үшін бірқатар шарттар орындалуы тиіс.
"Кездесу қорытындысы бойынша визалық режимді жеңілдету мақсатына қол жеткізу үшін осындай келіссөздерді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", – делінген хабарламада.
Қазан айында Өзбекстан мен Еуроодақ ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл құжат тараптар арасында визалық режим бойынша келіссөздерді бастауға мүмкіндік береді.