Өзбекстан мен Қазақстан екіжақты саудадағы кедергілерді жою жөніндегі жұмыс тобын құруға келісті. UzKazTrade бірлескен сыртқы сауда компаниясының базасында онлайн-сауда платформасын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Газета.uz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жуырда, Өзбекстанның Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Қудратов пен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің кездесуі өтті.
Бұл кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары аясында қол қойылған инвестициялық келісімдерді және сауда келісімдерін іске асыру бойынша, "Жол картасы" бойынша атқарылып жатқан жұмыс, екі ел арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары және қазіргі жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыға салынды.
"Өзара сауда көлемінің ұлғаюы сөз болды. Кейінгі 6 жылда сауда көлемі 2,5 есеге жуық өсіп, 2016 жылғы 1,9 миллиард доллардан 2023 жылы 4,6 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл ретте пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер бар екенін айта келе, тараптар алдағы жылдары тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу үшін бірқатар шараны жүзеге асыруға келісті. Атап айтқанда, өзара саудадағы кедергілерді жою бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылатын болды. Сондай-ақ, тараптар екі елдің нарығында кең ауқымды тауарларды сатуға арналған онлайн-сауда алаңын қамтитын "UzKazTrade" бірлескен сыртқы сауда компаниясының қызметіне қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді", - деп түсіндірілді хабарламада.
Бұдан басқа, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын ұйымдастырудың практикалық аспектілерін ескере отырып, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қатысты сындарлы пікірлер айтылып, орталықты құру мен қолдануға беруді жеделдету бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.
Кездесудің соңында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды жақтайтындықтарын қуаттап, қол жеткізілген уағдаластықтарды жедел жүзеге асыруға жауапты басшыларға тапсырма берді.