Өзбекстан 2027 жылдан бастап пластик пакеттерді өндіруге, импорттауға және пайдалануға тыйым салуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.
Бұл елде 2025-2027 жылдарға арналған пластикпен ластануды азайту жөніндегі ұлттық бағдарламаның жобасы әзірленіп жатыр.
"2027 жылдан бастап полиэтилен пакеттерін өндіруге, импорттауға және пайдалануға тыйым салу және экологиялық таза (биологиялық ыдырайтын) пакеттерді пайдалануды ынталандыру ұсынылып отыр. Бұдан басқа пластикалық өнімдерде зиянды химиялық заттарды пайдалануды шектеу және қаптамада қайта өңделген пластикті пайдалану мөлшерін белгілеу жоспарланған", – делінген хабарламада.
Құжаттың жобасы осы жылдың қарашасына дейін атқарушы биліктің қарауына енгізіледі деп күтіліп отыр.