Мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі комитеті журналист Дмитрий Гордонның Өзбекстанда ирандық дрондарды жинау туралы мәлімдемесін үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Ведомство мұндай хабарламалар Өзбекстанның шет елдермен достық қарым-қатынасына теріс әсер етуі мүмкін деп санайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өзбекстан Иран тарапымен бірге қару – жарақ пен әскери техниканы өндірмейді", – деп атап өтті комитет.
Қорғаныс өнеркәсібі мұндай жалған хабарламалар қоғамның назарын аударып, Өзбекстанның шет елдермен достық қарым-қатынасына теріс әсер етуі мүмкін екенін еске салды.
Бұл жағдайға Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі де түсініктеме берді.
"Интернет желісінде украиналық журналист пен блогер Дмитрий Гордонның израильдік кәсіпкер Леонид Невзлинмен сұхбатының видеосы тарады, онда Өзбекстан аумағында ирандық дрондарды жинауды жүзеге асыру туралы жалған ақпарат айтылды. Өзбекстан республикасы Иран Ислам Республикасымен әскери-техникалық салада ынтымақтастықты жүзеге асырмайтынын және өз аумағында Иран әскери техникасын құрастырмайтынын мәлімдейміз", – деп атап өтті Өзбекстан СІМ.
Сондай-ақ ведомство украин тарапынан да, басқа шетелдік серіктестерден де "ирандық дрондарды жинауға" қатысты ресми өтініштер түспегенін айтты.
Өзбекстан СІМ Украинаның ресми билік органдарына украиналық медианың екіжақты қатынастарға зиян келтіруі мүмкін Өзбекстанға қатысты осындай негізсіз айыптаулар мен басқа да жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдауды сұрады.