Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп түсіп жатыр.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиëев құттықтау жеделхатында ежелден бастау алатын Наурыз мейрамының философиялық мән-мазмұнында қазақ пен өзбек халықтарына ортақ әдет-ғұрыптар мен құндылықтар көрініс тапқанын атап өтіп, екі халық та бұл мерекені зор үмітпен қарсы алатынын айтқан.
– Өзара тату, көршілес елдер ретінде арамыздағы ынтымақтастық екі халықтың мүддесіне сай дами түсетініне сенімдімін. Жоғары деңгейдегі байланыстарды одан әрі жандандырып, стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастық қарым-қатынасымызды нығайта түсуге мүмкіндігіміз мол, – деп жазылған жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің жеделхатында жыл басы саналатын әрі ынтымақ-бірлікке шақыратын Наурыз мейрамында бауырлас қазақ халқына бақ-береке тіледі.
– Осы жыл біздің елдеріміз үшін даму жылы болады деп ойлаймын. Ортақ рухани құндылықтар мен достыққа, сондай-ақ стратегиялық серіктестікке негізделген жан-жақты қарым-қатынасымыз ортақ күш-жігеріміздің арқасында жүйелі түрде дами беретініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір мен игілік тіледі.
– Наурыз мейрамының мызғымас құндылықтарын ту еткен елдеріміз стратегиялық серіктестік аясында достық қатынастарымызды және өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін, – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өзінің құттықтау жеделхатында Наурыз халықтарымыздың әлемдік мәдениетке қосқан құнды үлесі деп атап өтті.
– Бұл мереке – өзара түсіністік, достық пен ынтымақтастықтың белгісі. Біздің халықтарымыздың еркімен қазақ–әзербайжан достық қарым – қатынасы мен серіктестігін сақтау және нығайту жолында бірлескен күш-жігерімізді жалғастырамыз деп сенемін, – деп жазылған жеделхатта.
Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр.