2024 жылдың 1 маусымынан бастап Өзбекстанда қоқыс шығарғаны үшін берешек болған кезде электр энергиясы үшін төлем шектеле бастайды. Алдымен тәртіп Ташкент, Нукус қалаларында және облыс орталықтарында, содан кейін бүкіл ел бойынша енгізіледі. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Газета.uz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 5 қаңтар күні қоқыс қалдықтарымен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру және олардың экологиялық жағдайға теріс әсерін азайту жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
"Жарлыққа сәйкес, тұтынушыларға қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін берешектің бар екендігі туралы SMS арқылы хабарлама жасау жоспарлануда. Егер ескертуден кейін ол төленбесе, онда электр энергиясы үшін төлем қабылдауға уақытша шектеулер енгізіле бастайды", - делінген Жарлықта.
Мұндай тәртіп Ташкентте, Нукуста және басқа да облыс орталықтарында 2024 жылдың 1 маусымынан бастап 6 ай бойы жиналған қоқыс бойынша қарыздар болған кезде күшіне енеді.
Ал 1 қарашадан бастап республиканың бүкіл аумағында қалдықтарды кәдеге жарату қызметтері үшін 3 ай қарыз болған тұрғындарға электр энергиясына төлем жасауға шектеу енгізіледі.
Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан Өзбекстанның барлық аумағында қоқыс шығарғаны үшін берешек мерзімі 1 айдан асқандар жарықсыз қалуы ықтимал.
"Қарапайым тілмен айтқанда, қоқысты шығарғаны үшін төлемейтін адам қараңғылықта отырады", - деп түсіндірді Өзбекстан Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Хасан Тошхужаев.
Сонымен қатар, бұл шектеулер 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жинақталған қарыздарға әсер етпейді.