Өзбекстан туризмі Қазақстаннан өркендеп кеткені рас па?

187

Қазақстан мен көрші елдердің туризм саласындағы тәжірибесін салыстыру дұрыс емес дейді министрлік. 

Өзбекстан туризмі Қазақстаннан өркендеп кеткені рас па? Фото: uzconsulate-aktau.kz/

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев еліміздегі туризм саласы көрші елдерден артта қалмағанын, дамып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"The World Travel & Tourism Council (WTTC) статистикана сүйенсек, Қазақстанның ЖІӨ құрылымындағы туризмнің алатын үлесі 2,9 пайызға тең. Біздің статистика да осымен шамалас. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 5,2 пайыз. Иә, бізге қарағанда көбірек. Бірақ, егер абсолютті мәнде қарайтын болсақ, онда Қазақстан бойынша ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі 7,6 млрд доллар болса, Өзбекстанда – 3,8 млрд доллар. Сондықтан да ЖІӨ көрсеткіші шартты деуге болады", - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Тілшілер "Туризм Қазақстанда жақсы дамып жатыр ма, әлде Өзбекстанда ма?" деп нақтылады.

Министрлік өкілі Өзбекстан туризмді дамытуда маңызды қадамдар жасап жатқанын айтты.

"Олар бюджеттегі қаражатты аямай жұмсауда. Ташкентте және бүкіл қалада инфрақұрылым бой көтеріп жатыр. Ұлттық парктердің барлығын дамытып, үлкен инвестиция тартып жатыр. Жаңа әуе бағыттары ашылуда. Осы тұста өзбек бауырларымызға сын айта алмаймыз. Алайда, бізді Өзбекстан, Грузия және Әзербайжанмен салыстырған кезде, елдің аумағын да ескерейік. Шағын Өзбекстандағы 5 қаланың көшелерінен көптеген итальяндықты көріп, Павлодардан оларды көрмесеңіз, онда сұрақты осы бағытта қойған әрине ыңғайлы болады", - деді Ержан Еркінбаев.

Вице-министр мысал ретінде Алматыдағы туризмнің даму қарқынын қарастыруды ұсынды.

"Өзбекстан мен Қазақстанда сапалы жол салу екі ауқымдағы жұмыс жүргізу дегенді білдіреді. Бұл мобильді байланыспен қамтамасыз ету саласына да қатысты. Осыған қарамастан, бізде де маңызды жұмыстар жасалып жатыр. Үкімет нақты шараларды қабылдауда. Көрші елдерден артта қалып барамыз деп айта алмаймын. Біз олардан алдамыз", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу