Өзбекстан 2027 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшеді

476

​Өзбекстанда латын графикасына негізделген жаңартылған әліпбиді ел өмірінің барлық саласына енгізу жөніндегі бағдарлама жобасы әзірленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өзбекстан 2027 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшеді Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Жоспарға сәйкес, өзгерістер білім беру жүйесін, мемлекеттік құжат айналымын, бұқаралық ақпарат құралдарын және цифрлық платформаларды қамтиды.

Министрлер кабинетінің тиісті қаулы жобасы қоғамдық талқылау үшін Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Құжат 6 желтоқсанға дейін талқыланады.

Жобаға сәйкес, 2027-2031 жылдары 1-11 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдар жаңа әліпбиге бейімделеді. Ал 1-сынып оқушылары жаңартылған оқулықтармен 2027-2028 оқу жылынан бастап білім алады. 2028 жылғы 1 тамызға дейін 5-11 сынып оқушыларының сауаттылығын бағалау кезінде уақытша жеңілдіктер қарастырылған.

Бұқаралық ақпарат құралдары да жаңа әліпбиге көшеді. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап баспа және электронды БАҚ-та жаңартылған жазу үлгісі қолданыла бастайды. Сонымен қатар халыққа өзгерістерді түсіндіретін теле және радио бағдарламалар әзірленеді.

Тауарлардың қаптамасы мен таңбалауында 2027 жылғы 22 сәуірден 2028 жылғы 22 сәуірге дейін латын графикасындағы екі нұсқаны қатар пайдалануға рұқсат беріледі.

Реформа жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу тәртібіне де әсер етеді. Атап айтқанда, ID-карталар, шетелдік паспорттар, жүргізуші куәліктері мен көлік құралдарының техникалық паспорттары жаңа әліпби талаптарына сәйкестендіріледі. Алайда 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін бұрынғы үлгідегі бланкілерді пайдалануға болады. Қолданыстағы құжаттардағы есімдердің жазылу ерекшелігіне қарамастан, олардың заңды күші сақталады.

Сондай-ақ азаматтардың аты-жөні әртүрлі жазылғаны үшін мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға тыйым салу көзделген.

Жаңартылған әліпби цифрлық инфрақұрылымға да енгізіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер, банк қосымшалары мен банкоматтар жаңа талаптарға бейімделеді. Компьютерлер мен мобильді құрылғыларға арналған бірыңғай пернетақта стандарты да әзірленеді.

Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі ChatGPT, Gemini, Claude, Grok, DeepSeek және Meta AI платформаларын әзірлеушілерге өзбек тілінің жаңартылған әліпбиін қолдауды енгізу жөнінде ұсыныс жолдауды жоспарлап отыр.

Бағдарлама аясында мемлекеттік рәміздер мен наградалардағы жазуларды да өзгерту ұсынылған. Атап айтқанда, елтаңба мен мемлекеттік марапаттардағы мәтіндер жаңа әліпбиге сәйкестендірілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу