Өзбекстан жыл елі. Мұндай бағаны көрші мемлекетке британдық The economist журналы берді, деп хабарлайды Atameken Business.
Басылым Өзбекстанның әлі ұзаққа баратынын, сондай-ақ 2019 жылы бір де бір ел дәл осылай нақты қадам жасамағанын атап өткен.
Мақалада небәрі үш жыл бұрын өзбек елінің жабық қоғамды, посткеңестік ескі мемлекет болғаны айтылады. Ондағы өзгерістерді Шавкат Мирзиёевтың билікке келуімен байланыстырады: шетелдік журналистердің елге кіруіне рұқсат етілген, ал шенеуніктерге шағын бизнеске "тиісуге" тыйым салынды.
Басылым Өзбекстанның жаңа жылға дейін Парламент сайлауын өткізуге тиістігін еске салады.
Жыл сайын The economist ілгерілеген мемлекетке "Жыл елі" атағын береді. Өткен жылдың жеңімпазы Армения болған еді.