Өзбекстанда 40 компания мен банктің акциялары халықтық IPO-ға шығарылмақ

599

Жария саудаға аумағы 1 миллион шаршы метрден асатын мыңнан астам жылжымайтын мүлік қойылды.

Өзбекстанда 40 компания мен банктің акциялары халықтық IPO-ға шығарылмақ Фото: FTI Consulting

Өзбекстанда бірден 40-қа жуық компания мен банк акциялары халықтық IPO-ға шығарылмақ. Осылайша ел азаматтары ірі ұлттық компаниялардың акцияларын сатып ала алады. Ал қазақстандықтардың көршіміздің тауар-шикізат биржасына қызығушлығы артқан. Жыл басынан елімізде Өзбекстанның қатысуымен 2 брокерлік кеңсе мен сауда алаңы ашылды. Өзбекстанның қор нарығын Ташкенттегі меншікті тілшіміз Маржан Жұмабай зерттеп көрді. 

Өзбекстанда ірі кен орындарының акциаларынан бастап Ұлттық банктің үлесіне дейін саудаға түспек. Бұл ел тарихындағы ең ірі халықтық IPO. Осы бағдарлама арқылы қазынаға биыл 1 миллиард доллардан астам түсім келеді деген болжам бар. Айта кететіні, халықтық IPO-да акцияларды тек Өзбекстан азаматтары ғана сатып ала алады.

"Біздің мақсатымыз - отандастарымыздың арасында жүздеген мың акционерлер мен меншік иелерінің пайда болуы. Өзбекстан азаматтары өз жинақтарын инвестициялап, жоғары табыс табуы керек. Сондықтан еліміздегі 10 ірі компания мен коммерциялық банктің акциялары біздің барлық азаматтарымыз қатыса алатын ашық сауда-саттыққа шығарылады", - деді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев.

Ел билігі мұндай қадамға азаматтарының жағдайын көтеруден бөлек, банктерге қарызға кірмеу үшін бармақ. Өйткені Өзбекстандағы ең ірі кәсіпорындардың барлығы дерлік мемлекеттік. Сондықтан бюджетке қол жая бермей, сырттан қаржы тарту үшін де жасалған шара бұл. 

"Қазір біз Мәскеу биржасымен және Қазақстанның қор биржасымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол жеткіздік. Келісімдердің аясында биржалық нарыққа жаңа құралдарды енгізу мен шетелдік инвесторларды жергілікті капитал нарығына тарту бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр", - дейді "Өзбек Республикалық валюта биржасы" Бас директоры Рашид Усманов.

Жыл басынан Өзбекстанның тауар-шикізат биржасында 134 миллион доллардан астам сомаға сыртқы сауда мәмілелері жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп. Статистиканы Қазақстандық кәсіпкерлер де арттырып отыр.  

"Біз ауылшаруашылығы шикізатының импортеры ретінде тауар-шикізат биржасында жұмыс істейміз. Бұл сатып алушы мен сатушы арасындағы келісімдердің ашықтығына кепіл береді. Әрі тасымалдау кезінде бизнесмендерге жеңілдіктер бар", - деді Агрокешен жобасының жетекшісі Дәрмен Таңқыбай.

Өзбекстанның акцияларды жаппай ашық саудаға шығаруына инвесторларды тартудан бөлек, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға ұмтылысы себеп. Өйткені нарық үшін бұл тежеуші фактор. Сондықтан жария саудаға аумағы 1 миллион шаршы метрден асатын мыңнан астам жылжымайтын мүлік қойылды. Кәсіпкерлердің сұранысы бойынша саудаға тек инфроқұрылым жүргізілген ғимараттар шығарылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу