Қазір Ташкент, Хорезм мен Ферғана облыстарындағы 21 қазандықтың газ қысымы нормаға сай келмейді.
Салдарынан тұрғындар белгіленген параметрлерден төмен ыстық су мен жылу алып отыр. Елдің энергетика министрлігі газ бен жарықты уақытша өшіріп тұрмасақ, жағдай бұдан да нашарлауы мүмкін дейді.
Ташкентке алғашқы қар осыдан 3 күн бұрын түсті. Ауа-райының күрт салқындауынан табиғи газ бен электр энергиясын тұтыну көбейіп, газ тапшылығы артты.
Салдарынан қаладағы бірнеше қазандықты уақытша өшіруге тура келді. Енді ел астанасының 3 ауданындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру нашарлаған.
"Үйдегі батареялар суық. Кеше базарға барып электр пеш сатып алып келе жатырмын. Соны жағып жылынып отырмыз", дейді Ташкент қаласының тұрғыны.
Қазір басымдық - көбірек тұрғын үйді жылыумен қамтуға беріліп отыр. Сондықтан қоғамдық көліктерден басқа барлық автомобильге газ құю станциялары уақытша жабылды.
"Үш күнен бері жанармай құю бекеттерінде газ жоқ. Бензинмен жүрміз. Ал ол қымбатырақ", дейді жүргізуші Бахтиор Шухратов.
Оған қоса елдің басқа аймақтарында жарықтың жиі өшуі байқалған. Мәселені шешу үшін жауапты ведомство жоспарлы түрде шектеулер енгізуде.
"Біздің міндетіміз - адамдардың үйлерін газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи газды пайдаланып жылу электр станцияларында электр энергиясын өндіру мен жеткізу. Иә қазір электр мен газ бәріне жетіп жатқан жоқ. Егер біз осындай ауа-райында жоспарлы шектеулерді енгізбесек, ертең одан да ауыр зардаптар болуы мүмкін. Сондықтан біз осындай түбегейлі шаралар қабылдауға мәжбүрміз", дейді Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Энергетика министрі Журабек Мырзамахмудов.
Газ тапшылығын жою үшін билік өкілдерінен бастап мүфтиятқа дейін халықты электр энергисын үнемдеуге шақыруда. Өзбекстан халықтық демократиялық партиясы жарықтың өшіруілуіне байланысты халыққа өтемақы төлеуді ұсынды. Ал монополияға қарсы агенттік жанармай бағасын қолдан қымбаттатқандарға жаза ауыр болатынын ескертті. Айта кететіні, алдағы апта да елде аяз сақталады. Синоптиктердің болжамынша Өзбекстанның солтүстігінде ауа температурасы -24 градусқа дейін түсуі мүмкін.
Маржан Жұмабай