Өзбекстанда газ тапшылығына қатысы бар деген күдікпен бірқатар басшы қамауға алынды

545

Өзбекстанда газ тапшылығына қатысы бар деген күдікпен энергетикалық компания басшылары ұсталды.

Өзбекстанда газ тапшылығына қатысы бар деген күдікпен бірқатар басшы қамауға алынды

Оған қоса, мәселені уақытылы шешпеген шенеуніктер де қамауға алынып жатыр. Президент әкімшілігі аймақтардағы басшылардың үстінен де қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті.

Өзбекстанда жылу мен жарықтың жыры басталғалы бүгін тура бір апта. Қазір көгілдір отынның тапшылығына байланысты 462 елді мекеніндегі 62 мың үй табиғи газсыз отыр. Тағы 1500-ге жуық махалляда жарық ара-тұра өшіп қалатын болды. Ел билігі мәселені осынша ушықтырғандарды жазалауға көшті. 

Бірінші болып Ташкенттегі энергетикалық компаниялардың басшылары ұсталды. Қамауға алынғандардың қатарында бірқатар шенеунік те бар. Әзірге олардың лауазымы мен аты аталмады. 

"Бізді осы жағдайға жеткізгендер жазасыз қалмайды. Егер басқа аймақтардағы жауапты басшылар бұдан дұрыс қорытынды шығармаса және заңның бұзылуына жол берсе, оларға қарсы да дәл осындай қылмыстық іс қозғалады", деді Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Сардор Умурзаков.

Өзбекстан энергетикалық дағдарыстан құтылу үшін газ экспортына толығымен шектеу қойды. Ал Түркіменстаннан алынатын электр энергиясының импорты 17 пайызға артты. Елде барлық электр энергияның шамамен 90%-ы жылу электр станцияларында көмір мен газдан алынады. Енді газ тапшылығы туындағанда қуат көзін үнемдеуге тура келіп тұр. 

"Күн сайын жарықты 2 сағатқа өшіру барлығын электр энергиясымен қамтуға жетпейді. Алайда біз ол уақытты арттыра да алмаймыз. Қазір мәселені шешу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 500 бригада құрылды", деді Өзбекстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Шерзод Ходжаев.

Жауапты ведомства жарықтың уақытша өшуі жыл соңына дейін жалғасады,- деді. Тіпті электр энергиясын үнемдеу үшін оқушылар мен студенттерді демалысқа ертерек шығару ұсынылды. Ал елдегі барлық көлік әзірге тек жанармаймен жүруі тиіс. Күні кеше Ангрен мұнай базасында құбыр тесіліп, 11,5 тонна Аи-80 бензині ағып кеткен. Газсыз қалған тұрғындар сол бензинді бөтелкеліп тегін алудың ебін тапқан. 

Маржан Жұмабай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу