Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев "Өзбектан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Абдығаниұлы Каримовты мәңгі есте қалдыру туралы" қаулыға қол қойды, деп хабарлайды "Интерфакс".
Қаулыда 2016 жылдың қазанында Ислам Каримов атында республикалық қайырымдылық қоры құрылғаны және Тәшкенттегі мешіттерінің біріне есімі берілгені айтылған.
Үкіметке Ислам Каримовты мәңгі есте қалдыру жөнінде шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылған. Атап айтқанда, Самарқанд қаласында Ислам Каримов жерленген жерге мемориалдық кешен салу көзделіп отыр.
Бұған дейін жарияланған халықаралық шығармашылық байқаудың қорытындысы бойынша Өзбекстанның тұңғыш президентіне Ташкент, Самарқанд және Карши қалаларына ескерткіш орнатылады.
Ислам Каримовтың есімі Ташкент мпмлекеттік техникалық университетіне, Асака қаласындағы автомобиль зауытына, Ферғана қаласындағы өнер сарайына, Ташкент халықаралық әуежайына және Ташкент пен облыстардағы бірқатар көшеге беріледі.
Қаулыға сәйкес елде жыл сайын 30 қаңтар Ислам Каримовтың туғаны күні кең көлемде аталып өтілетіні, ал оның дүниеден озған күні – 2 қыркүйек – тұңғыш президентті еске алу күні деп белгіленген.