Өзбекстанда криптовалюта майнингі үшін арнайы аймақ ашылады

153

Цифрлық активтер өндірісі 2035 жылға дейін салықтан босатылады.  

Өзбекстанда криптовалюта майнингі үшін арнайы аймақ ашылады Фото: britannica.com

Өзбекстанда Bes Qala Mining Valley атты майнингке арналған арнайы аймақ құрылады. Оған Қарақалпақстанның бүкіл аумағы кіреді. Елдің Әділет министрлігі тиісті ақпаратты таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Арнайы аймақтың жұмысын ұйымдастыру үшін резиденттерді тіркеумен айналысатын Bes Qala Mining Valley дирекциясы ашылады. Ұлттық перспективалы жобалар агенттігі майнерлерге рұқсатты беруге жауапты болады. Бұл аймақты құрудағы негізгі мақсат Қарақалпақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру делінген. Сонымен қатар жоба нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жасыл энергетиканы дамыту көзделіп отыр.

Bes Qala Mining Valley аумағында майнерлер бірыңғай энергия жүйесіне қосыла алады. Бұдан бөлек оларға жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрін және сутекті электр станцияларын пайдалану қызметі де қолжетімді.

2035 жылғы 1 қаңтарға дейін майнингтен түскен кіріс салықтар мен алымдардан босатылады. Өндірілген криптовалютаны жергілікті және шетелдік криптобиржаларда, тікелей келісімшарттар негізінде сатып, айырбастай алады.

Арнайы аймақ шеңберінде резиденттерге майнингтен бөлінетін жылуды пайдаланатын жылыжайлар ашуға рұқсат беріледі. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінде орналасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу