Өзбекстанда осы жылы ажырасу деңгейі тым жоғары болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көрші елде күн сайын жүзге жуық ерлі-зайыптының әртүрлі себеппен отбасылық қарым-қатынасын тоқтататыны белгілі болды. Бір ғана мысал, алғашқы үш айда соттар ажырасу туралы істердің едәуір бөлігін қарап, жалпы сомасы триллиондаған сумға бағаланған ірі көлемдегі ақшаны мәжбүрлеп өндіріп алу туралы шешім шығарған. Бұл – ажырасу деңгейінің тым жоғары болғаны.
2025 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында, яғни бар болғаны 3 ай аралығында азаматтық соттар некені бұзу туралы 17 мыңнан астам арызды қараған. Оның 9000 өтініші қанағаттандырылып, ажырасу заңды түрде аяқталып отыр. Ал 6 мыңға жуық талап-арызды сот органдары әртүрлі негіз бойынша қанағаттандырудан бас тартқан, 2 мыңнан астам іс сотта не қараусыз қалды, не басқа процессуалдық себеппен тоқтатылды.
Республика соттары некені бұзу туралы істерді қараумен қатар міндетті төлемдерді өндіріп алу бойынша іс-шараларды белсенді жүргізумен айналысады. Жыл басынан бері азаматтарды жалпы сомасы 2 триллион сумнан (1 АҚШ доллары – 12 970,49 сум) асатын төлемдерді төлеуге міндеттейтін 299,4 мыңға жуық сот бұйрығы шығарылған. Аталған төлемдердің құрылымына кәмелетке толмаған балаларды ұстауға арналған алимент, жалақы бойынша берешек және басқа да балама төлемдер, сондай-ақ тұтынылған коммуналдық қызметтер үшін берешектер кіреді. Сондай-ақ, бұл санатқа борышкерлер мойындаған ерікті жазбаша келісімдерге негізделген талаптар да жатады.