Өзбекстанда мемлекеттік шенеуніктер саны 35 пайызға қысқарады

807

Өзбекстанда министрліктер мен ведомстволардың саны екі еседен астамға, ал мемлекеттік қызметшілер саны - 30-35%-ға қысқарады.   

Өзбекстанда мемлекеттік шенеуніктер саны 35 пайызға қысқарады Фото: img1.eadaily.com

Мұндай мәлімдемені жыл сайынғы халыққа Жолдауында республика президенті Шавкат Мирзиёев жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz gazeta.uz порталына сілтеме жасап.

Мирзиёевтің айтуынша, Өзбекстандағы министрліктер мен ведомстволардың саны 61-ден 28-ге дейін қысқарады.

"Бірінші кезеңде министрліктер реформаланады, үкімет жұмысының әдісі де түбегейлі өзгереді. Ең алдымен, министрліктер мен ведомстволардың саны қазіргі 61-ден 28-ге дейін қысқартылатын болады. Енді әрбір министрлік тиісті салада мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, сондай-ақ құрылымға кіретін комитеттерді, агенттіктер мен инспекцияларды басқаруға жауапты болады", - деді ол.

Өзбекстан басшысы мемлекеттік басқарудың шағын әрі тиімді жүйесіне көшуді ұсынды.

"Неліктен мен сөзімді осы бағыттағы реформадан бастап отырмын? Бұрын жойылып кету алдында тұрған салаларды аяғына көтеру үшін алты жыл ішінде жаңа министрліктер мен ведомстволар құру қажет болды. Олай істемесек, қазір жеткен жетістігімізге қол жеткізе алмас едік", — деп түсіндірді президент.

Оның айтуынша, Өзбекстан мектепке дейінгі білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестициялар, коммуналдық қызметтер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік салаларында "үлкен нәтижелерге қол жеткізді".

Мирзиёев жеке бастаманы кеңейту мен оған жаңа мүмкіндіктерді ашу қажет екенін атап өтті. Енді, ол атап өткендей, қолмен басқарудан нақты нәтижеге жұмыс істейтін жүйелік басқаруға көшудің уақыты келді.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік аппаратта көптеген қайталанатын [функциялар] бар, қажетсіз басқармалар бар деп ашық айту керек. Оған қоса орталықтандырудың деңгейі тым жоғары. Нәтижесінде, бүгінгі күннің күрделі мәселелерінің дұрыс шешімін табуға көп уақыт, күш пен жігер жұмсалады. [Мәселе] ауданнан Президентке жету үшін қанша уақыт қажет? Өзіміз елестетіп көрейік. Бюрократия біздің аяғымызды байлайтын шырмауыққа айналды. Министрлердің, былайша айтқанда, Үкімет қабылдаған шешімдерде дауысы жоқ. Яғни, олардың осы шешімдерді дайындауға және іске асыруға қатысуы мен жауапкершілігі жеткіліксіз", - деп қосты Мирзиёев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу