Өзбекстанда ОҚО фарм өнімдерінің сауда үйі ашылады

919

Өзбекстанда ОҚО фарм өнімдерінің сауда үйі ашылады

Астана қаласында өткен қазақ-өзбек бизнес форумына Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы бастаған 20-дан астам кәсіпкер қатысты.

Екі жақтың арасындағы сауда-саттық пен ынтымақтастықты нығайтатын форумда В2В форматында келіссөз жүргізіліп, онда оңтүстікқазақстандық делегаттар фарм өнімдері нарығының өрісін кеңейтуге қол жеткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Яғни бизнес өкілдерінің басы біріккен жиында "Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Б.Нұрмашев пен өзбекстандық "Узфармсаноат" мемлекеттік акционерлік концерн басқарма төрағасы М.Дусмуратов кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Нәтижесінде Ташкент пен Шымкент қаласында екі елдің фармацевтика компаниясының өнімдері сатылатын сауда үйі ашылмақ. Яғни Өзбекстанда ашылатын сауда үйінде ОҚО фармацевтика компанияларының өнімдері сатылса, Шымкент қаласында ашылатын сауда үйінде Өзбекстанның фарм өнімдері саудаланады.

Айта кетейік, республикада өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы Оңтүстіктің үлесінде. Елімізде фармацевтика кластері дамыған бірден-бір өңір – Оңтүстік Қазақстан екені анық.

Естеріңізге салсақ, өткен аптада Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Астанада қазақ-өзбек бизнес форумы өткен болатын.

Оған екі елдің 500-ге тарта кәсіпкері мен ұлттық компания және мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу