Өзбекстанның құқық қорғау органдары Ташкент қаласында "Катиба Таухид валь-Джихад" террористік ұйымына қатысы бар деген күдікпен 30 адамды қамауға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасап.
Ресми дерек бойынша, ұсталғандар Әндіжан, Сурхандария және Қашқадария облыстарынан ел астанасына жұмыс іздеп келген көрінеді. Тергеуге дейінгі шаралар барысында олардың Сирияға барып, сондағы содырлардың қатарына қосылмақшы болғаны анықталды.
"Катиба Таухид валь-Джихад" ұйымы 2016 жылғы 26 қыркүйекте Өзбекстан Жоғарғы Сотының шешімімен террористік деп танылды. Оған ел аумағында толықтай тыйым салынған.
Ескере кететін жайт, Қазақстандағы лаңкестік шабуылдарға "Йақын Инкар" радикалды ұяшығының мүшелері қатысқаны жарияланды. Бұл ұйым ҚР-да тыйым салынған "Таблиғи Жамағат" экстремистік ұйымының негізінде құрылған.
Табиғат Нұрболат