БҰҰ Даму бағдарламасы мен Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі халықты төтенше жағдайлар кезінде ерте ескерту жүйесімен қамтуды кеңейтуге арналған инновациялық техникалық шешімді іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ұйымға сілтеме жасап.
Пилоттық бастама аясында арнайы құрылғылар елді мекендерге жақын орналасқан мешіттерге орнатылмақ. Осылайша ТЖМ-нің жедел хабарламалары мешіттердің сыртқы дауысзорайтқыштары арқылы таратылып, ақпаратты қалың көпшілікке жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір осындай құрылғылар Өзбекстанның жеті өңіріндегі – Жизақ, Қашқадария, Наманган, Самарқан, Сырдария, Ташкент және Ферғана облыстарындағы 272 мешітке орнатылды.
"Мешіттер кездейсоқ таңдалған жоқ. Олар беделді әлеуметтік институт ретінде қабылданады. Сонымен қатар мешіттер елді мекендердің бәрінде дерлік бар әрі қуатты сыртқы дауыс зорайтқыштармен жабдықталған. Олардың дыбыс тарату радиусы 500 метрден 2000 метрге дейін жетеді. Жобаның есебіне сәйкес, мешіттер арқылы хабар тарату жүйесі 6,5 миллионға жуық адамды қамти алады", – делінген хабарламада.
Мобильді байланыс немесе электр қуатында іркілістер болған жағдайда да мешіттер арқылы жедел хабарламаларды таратуға болады.