Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, қазан айында тұрғын үйді жалға беру қызметтерінің бағасы қыркүйек айымен салыстырғанда бір айда орта есеппен 16,1%-ға өскен. Тек Хорезм облысында ғана баға аса көтерілмеген. Өзбекстанда ең жоғары өсім Ташкент қаласында – 51,6 пайыз, ал ең төменгі өсім 1 пайызбен Хорезм облысында тіркелген.
Тұрғын үйді жалға беру қызметтерінің бағасы жыл басынан бері орта есеппен 20,9 пайызға өскен. Былтырғы жылмен салыстырғанда орта есеппен 24,2 пайызға көтерілген. Ал елдегі орташа жалақы – 3,4 млн сум. Өзбекстан статистика комитетінің хабарлауынша, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында Өзбекстанда орташа айлық атаулы жалақы 3 млн 426,8 мың сум болған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,1 пайызға өскен.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ең жоғары орташа айлық жалақы банк, сақтандыру, лизинг және несие делдалдық қызметінде тіркелген. Бұл жерлердегі орташа айлық 8,4 млн сумға жеткен. Ақпарат және байланыс саласында орташа айлық жалақы 6,5 млн сум, тасымалдау және сақтау саласында – 4,5 млн сум, өнеркәсіп саласында – 4,4 млн сум, құрылыс бойынша – 4,1 млн сум, сауда-саттық – 3,5 млн сум, білім саласында 2,5 млн сум болған. Ең төменгі орташа жалақы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында тіркелді. Бұл жерлерде қызметкерлер айына 2,3 млн сум алады.