Өзбекстанның ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары жемістер мен жүзімнің 150 жаңа сұрыбын өсіріп шығарды. Қазірдің өзінде бағбандар шабдалының "Учкун, "Гулноз", "Истикбол", "Хилола", өріктің "Ярхи", "Мухтор" сұрыптарын өсіріп, мол өнім алуда. Бұл туралы nuz.uz хабарлады.
Аталған ғылыми орталық зерттеулерінің нәтижесінде, елдегі алманың 60 сұрыбы, алмұрт сұрыбының шамамен 50 пайызы, жүзім сұрыбының 43 пайызы, құлпынай сұрыбының 90 пайызы өсіріліп шығарылған.
Қазіргі таңда орталық ғалымдары өсірген жеміс ағаштарының 11 түрінің 24 сұрыбы сұрыптарды апробациялау мемлекеттік комиссиясының сынақтарынан өтуде.
Айта кетерлік жайт, орталық ғалымдары осы таңға дейін айналымға жеміс ағаштары мен жүзімнің 24 сұрыбын шығарып үлгерген. Олардың оңды тәжірибесін елдің фермерлері мен дихандары кеңінен пайдалануда. Ал ең озық сұрыптары алыс-жақын шетелдерге шығарылып, ол мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенінде пайдаланылуда.