Өзбекстандағы ең биік ғимараттың Абу-Даби плазадан ерекшелігі қандай?

477

Өзбекстандағы ең биік ғимараттың құрылысы аяқталды.

Өзбекстандағы ең биік ғимараттың Абу-Даби плазадан ерекшелігі қандай? Фото: nova24.uz

Ол Астанадағы Абу-Даби плаза сынды тұрғын үй мен кеңсе, сауда орталығы мен тамақтану орындары орналасқан ірі кешен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Өзбектер ең зәулім нысанды 4 жылда салып бітті. Мұндағы вип пәтерлерді сатып алып жатқандар қатарында қазақстандықтар да бар көрінеді.

267 метр, 50-ден астам қабат. Бұл Ташкенттегі ең биік жаңа ғимарат. Люкс пәтерлер, қаланың о шеті мен бұ шеті көрінетін мейрамханалар. Бір сөзбен айтқанда Астанадағы Абу-Даби плаза деуге келеді. Тек одан өзгешелігі өзбектер бұл зәулім нысанның құрылысын біздікілер сынды созбай, у-шусыз 4 жылда аяқтады.

"Әлемдік стандарт бойынша мұндай ғимараттар 4-6 жыл аралығында тұрғызылады. Біз пандемия кезіндегі логистикалық проблемаға қарамастан, құрылысты 4 жылда аяқтадық. Бұл жобаны Ташкент қаласындағы қала деп атаймыз. Ғимарат құрылысына 27 000 тонна темір, 150 000 тонна бетон жұмсалды",- дейді жоба координаторы Вусал Агакешиев.

Кешенде 1029 пәтер бар. Ең биік қабатқа лифт арқылы 1 минутта көтерілуге болады.

45-ші қабаттың терезесінен Ташкенттің сұлулығын тамашалауға болады. Алматылықтарша айтқанда, мұнан Ташкент алақандағыдай көрінеді. 41-50-ші қабаттардың арасындғы 20 пәтер вип саналады. Яғни, бұлтқа тым жақын орналасқан. Бұл люкс апартаменттердің көпшілігі қазірдің өзінде сатылып кеткен. 

Пәтер сатып алушылар қатарында қазақстандықтар да бар. Одан өзге Ресей, Қытай, Корея мен Италия, Америка азаматтары да қызығушылық білдіріп жатқан көрінеді.

"Мұндағы пәтердің 95%-ы  сатылып кетті. Осында тұрғындарға 365 күн бұл аумақтан шықпай, барлық қажеттіліктерін өтеуге болады. Кешен 33 қоғамдық аумақты қамтиды. Ғимараттың 28-қабаты түгелдей жүгіру жолағы мен спорт алаңы", - дейді жоба координаторы Вусал Агакешиев. 

Қазір кешеннің соңғы құжаттарын жасақтау ғана қалған. Көп ұзамай өзбек ағайын ең үлкен ғимаратты тек сыртынан ғана тамашаламай, ашылу салтанатын тойлайды.

Бұл ретте Астанадағы Абу-Даби плазаны да айта кеткен жөн. Иә, ол Ташкенттегі мына нысаннан 20 қабатқа биік. Десе де, құрылысы 2009 жылы басталған ғимараттың қолданысқа берілуі 1 емес 5 рет кейінге шегеріліп, 12 жыл дегенде ашылды. Әлі күнге дейін толық пайдалануға берілген жоқ. Ал бұл аралықта Елорданы 5 әкім басқарып үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу