Түркістан облысының әкімі Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен кездесті. Кездесу барысында тұрмыстық техника шығаратын бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге келді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Көрші ел инвесторлары Түркістанның индустриалды аймағында газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларын өндірмек. Жоба аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтты.
"Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастықтығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр", – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
Artel компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Айта кету керек, өткен жылдың соңында компания өкілдері Түркістан қаласына келіп, өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері және индустриалдық аймақтағы инвесторлар үшін жасалынған мүмкіндіктермен танысқан болатын.
Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты.