Өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін

217

Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр.

Өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін Фото: chemtech.ru

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.                

Бұл туралы ол Ташкентке жұмыс сапарымен барғанда айтты. Оның сөзінше, Өзбекстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүріп жатыр.  

– Мұнда арнайы ақпараттық-талдау орталығы бар. Оның мамандары бүгін баяндама жасады. Нәтижесінде, екіжақты келісімге келдік. Оған сай, біздің қызметкерлер наурызда Өзбекстанға келіп, бұл тараптың атқарып жатқан жұмыстарымен танысады. Егер алдағы уақытта уағдаластыққа қол жеткізіп жатсақ, онда өзбекстандық компаниялар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізумен айналысуы мүмкін, – дейді министр.

Айта кетейік, Өзбекстан арналарды бетондау арқылы су шығынын 15 пайызға дейін қысқартты. Бұл ретте Қазақстанда да ірі жобалар қолға алынды.

Ведомство басшысының айтуынша, 2028 жылға дейін елімізде 14,5 мың шақырымнан астам суару жүйесіне жөндеу жүргізіледі.

– Былтырдың өзінде ұзындығы 400 шақырымнан астам 80 ирригациялық жүйені бетондадық. Қазір 1 531 шақырым арыққа осындай жөндеу жүргізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Оған сай, 2028 жылға дейін 14,5 мың шақырымнан астам суару жүйесіне жөндеу жүргіземіз. Сметалық құжаттар дайын, биыл республикалық бюджеттен және Ислам даму банкінен қаражат бөлінеді, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу