Желтоқсан айынан бастап Өзбекстанмен шекарадағы "Қапланбек" өткізу бекеті жабылады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Үкіметтері бекіткен екі ел шекарасындағы өткізу пункттерін қайта жөндеу және жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Кедендік бақылау комитетінің кездесуі аясында тараптар биыл 1 желтоқсаннан бастап "Қапланбек" – "Зангиота" өткізу бекеттерін қайта құру кезеңінде толық жабуға уағдаласқан", – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, бекет қайта жөнделген соң, оның екі жолақты жолы алты жолаққа дейін кеңейеді. Ал пунктінің көлікті шекарадан өткізу мүмкіндігі тәулігіне 200-ден 1000 көлікке дейін көбейіп, шекарадан өту уақыты 25 минутқа дейін қысқарады. Бұдан басқа, көліктердің тоқтаусыз қозғалысы үшін техникалық бақылаудың бірыңғай өтпелі автоматтандырылған дәліздерін пайдалану жолымен өткізу пунктінде автокөліктердің қозғалысының барлық циклін автоматтандыру жоспарлануда. Бұл сыбайлас жемқорлықты алдын алуға, оны мүлдем болдырмауға мүмкіндік береді.
Бекетті жөндеуге байланысты автокөліктер мен жаяу адамдар "Қазығұрт", "Жібек жолы", "Б.Қонысбаев", "Атамекен", "Сырдария" және "Целинный" өткізу пункттері арқылы екі елдің шекарасынан өте алады.