Ислам Каримовтың тұңғыш қызы Гүлнәр Каримова 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылады. Ташкенттің қалалық соты осындай үкім шығарды. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Жоғарғы сотының сайтында жарияланды.
Ведомствоның хабарлауынша, Каримоваға қылмыстық топты ұйымдастырды, бопсалады, табысты жылыстатты, меншікті ұрлады деген айыптар тағылған.
Үкім 2015 жылдың 21 тамызынан бастап күшіне енгізілетін болды.
Осы іс бойынша басқа айыпталушыларға жаза белгіленді. Төрт сотталушы 17 жылдан 20 жылға дейін түрмеге қамалады. Тағы біреуі 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал екеуі жауапқа тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жазаланбайтын болды.
Еске сала кетсек, 2017 жылы Гүлнәр Каримова бопсалау, салық төлеуден жалтару және басқа да заңсыз әрекеттері үшін 10 жылға сотталған еді. 2019 жылдың басында ол Ташкент облысындағы жалпы режимдегі колонияға орналастырылды. Ресми деректерге сүйенсек, Каримова мен қылмыстық топтың мүшелері бюджеттік қаржыны жымқырып, қылмыстық жолмен табылған 175 млн доллар көлеміндегі қарадатты жылыстатқан.
Табиғат Нұрболат