Өздерін сот орындаушылары деп таныстыратын алаяқтар пайда болды

586

Қаскөйлер азаматтардан қарызды өтеуді талап етеді.

Өздерін сот орындаушылары деп таныстыратын алаяқтар пайда болды Фото: canva.com

Әділет министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, қазақстандықтарға үндеу тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жалған қызметкерлер сот орындаушысы болып азаматтардан қарызды өтеуді талап етіп, шоттарды және мүлікті бұғаттау туралы хабарлауда. Егер сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, Республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуды ұсынамыз. Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін интернет желісіне Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі деп жазып, "Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі" батырмасын таңдап, тек өз ЖСН-іңізді енгізіңіз", - деді Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Бұдан бөлек мұндай жағдай туындағанда "АИС ОИП" қосымшасын да пайдалануға болады.

“Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен "Сұраныс бойынша ештеңе табылмады" деген жазу шығады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым салмағанын және сала алмайтынын білдіреді", - деп жалғастырды ол министрліктің баспасөз конференциясында.

Әділет министрлігі тек ресми дереккөздерге сеніп, белгісіз адамдарға деректерді бермеуге шақырады. Қосымша ақпарат алу үшін келесі телефон нөмірлеріне хабарласу ұсынылды: 119 немесе 8 7172 58-00-58.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу