Жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қауіпсіздігі сақталмаған көңіл көтеру орындарын азайту турасындағы сұрақ бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Данабек Исабектің сөзінше, тұрғындар полиция көмегіне көбіне демалыс күндері және түнгі уақыттарда жүгінеді. Мұны статистика айғақтап тұр.
– Ең жиі кездесетін себептер – келушілер мен көңіл көтеру ұйымы әкімшілігінің арасындағы дау-дамай. Ойын-сауық орындарының қауіпсіздік деңгейі туралы рейтингті енгізу қандай нәтиже беріп жатыр? – деп сұрады депутат министрден.
Ержан Сәденов өз кезегінде рейтинг жариялаумен келеңсіздікті азайту мүмкін еместігін айтты. Әрі депутаттың өзіне қарсы сұрақ қойды.
– Қазір рейтинг бойынша осындай 193 ойын-сауық орталығы бар. Ол жерлерде қылмыс, бұзақылық жасалған. Осындай мекемелерді анықтап, өзіміздің сайттарға жариялап, әкімдіктерге жеткіземіз. Не үшін? Халық көріп, өзі қорытынды шығару керек. Ол жердің тағамы тәтті болса, ойын-сауық ұйымдастыру мәселесі дұрыс болса, сол рейтингке қарамастан ел барып жатады. Оны біз білеміз, бәріміз куәміз. Кейбіреулеріңіз баратын да шығарсыздар... – деді ол.
Бұған дейін ІІМ көңіл көтеру орындарында ішімдікті сату уақытын шектеуді ұсынған еді.