"Өзенмұнайгаз" бен "БерАли" компаниясында аса ірі көлемде ақша жымқыру бойынша тергеу жүріп жатыр

799

Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.

"Өзенмұнайгаз" бен "БерАли" компаниясында аса ірі көлемде ақша жымқыру бойынша тергеу жүріп жатыр Фото: Егемен Қазақстан

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаментіне сілтеме жасап.

"Өзенмұнайгаз" АҚ және "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп күдіктелуде.  

"Жаңаөзен қаласы тұрғындарының "ҚазМұнайГаз" АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізуде.  Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде", - деп жазылған хабарламада.

Бұдан басқа, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғалары мен "БерАли Маңғыстау Company" ЖШС басшылығына қатысты 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізілуде.  

"БерАли Маңғыстау Company" ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған. Аталған іс-қимылдармен"БерАли Маңғыстау Company" ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз",  - делінген агенттік хабарламасында.

Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге бағытталуына жұмсалуына болатын еді. Бұл жағдайлар компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды.  

Тергеу барысында аталған фактілер тексерілуде. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу