"Өзеннен аман өткізіп алдық": Су тасқынында босанған келіншегін күйеуі қайықпен күтіп алды

344

Ақтөбе облысының Ойыл ауданына су тасқыны басталғалы көлік қатынасы жоқ. 

"Өзеннен аман өткізіп алдық": Су тасқынында босанған келіншегін күйеуі қайықпен күтіп алды Фото: Кейіпкерден

Өйткені, екі ортадағы жалғыз көпірді ағын су бұзып өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тұрғындар қалаға жету үшін су айдынына дейін көлікпен келіп, арғы жағаға қайықпен өтуге мәжбүр. Ол жақтан қайтадан автокөлікке мінеді. Бұл жағдай әсіресе, денсаулық жағдайымен Ақтөбеге баратындарға қиындық тудырып отыр. Мұндай жағдай ай-күні жақындаған Мерей Сембаеваның да басынан өтті. Дегенмен, оның жолы болып, тікұшаққа мініп кеткен. Ал, аман-есен қол-аяғын бауырына алған соң өзен жағасынан оны жолдасы қайықпен күтіп алды. Тіпті, гүл әкелуді де ұмытпаған. Тасқын кезінде дүниеген келген сәбиге Дана деген есім қойылыпты. Әкесі Асқар Құсайынов Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарады. Ол топан сумен арпалысқан ел-жұртқа да, перзентханада жатқан жары мен қызына да қатты алаңдағанын айтады.

"Қазір қызымыз да, анасы да жақсы, аман-есен. Ойыл өзенінен аман өткізіп, үйімізге жеткізіп алдық. Бұл ең бірінші құдайдың берген сыйы. Екінші анамыздың қуанышы. Бәріміз қуанып жатырмыз. Осындай тасқын болып жатқасын алдында айтқан едім, ер бала болса есімін Тасқын деп қоятын едім деп. Бірақ, қыз бала болып шықты. (Күледі).

Барлықтарыңызға рахмет! Қазір елімізде болып жатқан төтенше жағдайдан басымыз аман болсын! Өрт, су деген ол табиғи апат. Еңбек етіп жатқан жастарға, еріктілерге,  Төтенше жағдайлар бөліміне көп рахмет айтамын!", - деді қуанған әке.

Асқар мен Мерейдің бұған дейін бір ұлы бар еді. Сондықтан отбасы мүшелері қыз баланы ерекше күтіпті.

"Кіндік әке-шеше деген болады ғой, сол жақта келінімнің аға-жеңгесіне қолқа салып, балаларымды әкеліп берерсіңдер дедім. Олар да келісіп, немерем мен келінімді әкеліп берді. Ойыл өзені де аяқ астынан тасып кетті ғой. Су тасуына байланысты тікұшақпен кетіп еді, қайтарында қайықпен өткізіп алдық. Отбасымызға жан қосылып, мәз-мейрам болып жатырмыз", - деді кішкентай Дананың әжесі Айболған Заемқызы. 

Ойыл ауданына әзір көлік қатынасы болмайды. Тұрғындар өзеннің арғы бетіне қалқымалы көпірмен және қайықтармен ғана өтіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу