Қазақтың үш биі судьяларды тәрбиелеу ісінде өте жақсы үлгі болып отыр. Бұл туралы судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Астанада орналасқан ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Сот саласында Қазақстанда тиісті оңтайлы тәжірибе бар. Мәселен, осы елдегі көше атауларында үш атақты бидің (Төле, Қазыбек, Әйтеке билер) атын жиі кездестіреміз. Басқа елдер аумағындағы қалалар көшелерінде судьялардың атын бергенін жиі кездестірмейсіздер. Бірнеше ғасыр өтсе де, үш бидің жүргізген сот төрелігін халық еш ұмытқан емес. Менің ойымша, бұл өте жақсы дәстүр. Осы игі дәстүрді сіздермен бірге жалғастыруға ниеттіміз. Сондықтан осындай үш биді үлгі тұтқан судьяларды көптеп кездестіргіміз келеді", - деді Дьердь Сабо.
Өз кезегінде ҚР парламент мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров қоғамдық сананы дамыту - судья болуға кандидаттарды іріктеу, жетілдіру шараларын қабылдауды талап ететінін атап өтті.
"Әлемде судья кәсібі беделді әрі мәртебелі екенін құпия емес. Көбіне оны заңгер мансабының шегі деп есептейді. Бұл тұрғыда лайықты кандидатты таңдау өте маңызды. Терең білімі мен тәжірибесінің болуымен қатар, ол адал әрі өзгенің ықпалына берілмейтін принципті адам болуға тиіс", - деді.