Өзгелердің атынан кредит алып жүрген бір топ жас жігіт ұсталды

979

Қылмыстық топтың әр мүшесінің атқаратын міндеттері болған. Бірі ұйымдастырушы, екіншісі банк немесе кез-келген қаржы ұйымы операторларының рөлін сомдаған, ал өзгелері банкоматтардан түскен ақшаны шешіп отырған.

Өзгелердің атынан кредит алып жүрген бір топ жас жігіт ұсталды

Шымкенттік полицейлер киберқылмыскерлердің тобын ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Бес жас жігіт тұрғындарды зерттеп, аңқау, сенгіш деп таңдағандарына қоңырау шалған. Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде сенімді түрде таныстырып отырған. Мәселен, жергілікті тұрғынға “банк қызметкері” қоңырау шалып, азаматтың атынан несие рәсімдегелі жатқанын хабарлаған. Содан бұл әрекетті болдырмау үшін қоңырау шалушы тұрғыннан қажетті ақпараттар: банк картасының мәліметтерін, SMS-кодын және тағы басқа деректерді біліп алған. Кейін қала тұрғыны оның атынан екі млн теңгеге несие рәсімделгенін білген.

Ал кейбір жәбірленушілерге қаскүнемдер карточкасынан біреулер үлкен сомада ақша аудармақшы екендігін айтып, өз қаражатын сақтап қалу үшін аталған шот нөміріне бар ақшаны аудару керектігін жеткізген.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде, тәртіп сақшылары банкоматтардан қолма-қол ақшаны алу міндеті жүктелген күдіктілердің бірінің ізіне түскен. Ол арқылы жедел уәкілдер тағы екеуін ұстаған. Қалған екеуі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта полицейлер аталған топтың интернет-алаяқтықтың 20-дан астам жайтына қатысы барын анықтады. Тек шымкенттіктер ғана емес, басқа да өңірлерде дәл осы алаяқтардан алданғандар бар.

Тексеру барысында күдіктілерден 46 банк карточкасы, алты ұялы телефон және 20 SIM-карта анықталып, тәркіленген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу