Суға батып бара жатқан қызды құтқарам деп қаза тапқан атыраулық полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті мемлекеттік наградаға ұсынылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қапияда көз жұмған полиция сержантының отбасы Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының қамқорлығына алынды.
"Сонымен қатар, ІІМ орталық аппараты мен өңірлік Полиция департаменттері, қылмыстық-атқару жүйесі, құтқару қызметі және Ұлттық ұлан жауынгерлері Шалқардың отбасына материалдық қолдау көрсетуде. Ішкі істер министрі және ІІМ өңірлік бөліністерінің басшылары қаза болған қызметкердің отбасына көңіл айту жедел хатын жолдады. Арнайы ашылған есеп-шотқа қызметкерлер ерікті түрде бүгінге дейін 29 миллион теңгеден астам қаржы аударды", – делінген хабарламада.
Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті мемлекеттік наградаға ұсынды.
Еске сала кетсек, биылғы жылғы 21 наурызда Атырау қаласында патрульдік экипаж құрамында жүрген полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген қызды құтқару үшін мұзды суға қарамай, суға түскен. Өзі қатты ағынның ішінде арпалысып жүріп көз жұмды.
Шалқар Ағымғалиев 1994 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Атырау облысы Индер ауданының тумасы. Ол көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы еді. Отбасын құрып үлгермеген. Полиция қатарында қызмет ақтарып жүргеніне 5 жылдан асқан.
Жалпы, Тәуелсіздік алған жылдардан бері 2264 полиция қызметкері қаза тапса, соның 785-і қызметтік борышын өтеу кезінде, 73-і қауіпті қылмыскерді ұстау операциясы барысында ерлікпен жан қиды. Сондай-ақ 2419 полиция қызметкері жарақаттанған. Соның ішінде 899-ы қылмыскерді ұстау барысында жараланды.
Ел-жұрты, ішкі істер органдары ержүрек батырларын әрдайым құрмет тұтады, рухына тағзым етеді. Олардың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.