Оңтүстік Қазақстан облысы әл-Фараби аудандық сотында 19 адамнан құралған қылмыстық топқа үкім оқылды, деп хабарлайды otyrar.kz басылымы. Оларға бірнеше жыл бойы өзгелердің атынан мемлекеттік қызметке түсу емтиханын тапсырды деген айып тағылған болатын.
Атышулы істі тергеу жарты жылға созылды. 11 адам тергеуге көмектескендіктен, олардың ісі тоқтатылады. Ал қылмыстық топтың 6 белсендісі жалпы режимдегі түрмеге 5 жылға қамалды. Ал ең басты күдікті – ерлі-зайыптылар 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкім оқылған айыпталушылардың барлығының мүлкі тәркіленетін болды.
Еске салайық, бұл қылмыстық топ 2015 жылдың күзінде әшкере болған еді. Тергеушілер 2013-2014 жылдары осы топтың көмегімен 148 адамның мемлекеттік қызметке орналасқанын анықтап отыр. Олардың барлығы жұмыстан қуылған дейді құзырлы орган өкілдері. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.