"Барлығы заң аясында болды"

974

Атырауда шығармашылық орталықтың бұрынғы басшысына қатысты жай түсіндірілді.    

"Барлығы заң аясында болды"

Атырау облысында халық шығармашылығы орталығының бұрынғы басшысы қызметінен кеткеннен кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзі кеткен мекемеден алғашқы тендерін ұтып алған. Бұдан кейінгі уақытта ол бір дереккөзбен келісімшарт жасау әдісімен тағы төрт келісімшарт жасасқан, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Талант" жеке кәсіпкерлігі биыл ақпан айында Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толуына арналған салтанатты шараны өткізу бойынша ұйымдастырылған байқаудың жеңімпазы атанған.

Белгілі болғандай, оның иесі Бақытбек Сартбаев бизнеске келерден бір айдай бұрын ғана облыстық халық шығармашылығы орталығындағы қызметінен кеткен. Ол 2 ақпанда жеке кәсіпкерлік құрып, 4 ақпанда аталған шараны өткізу бойынша жарияланған тендерді ұтып алған. 12 ақпанда тараптар ресми түрде келісімшартқа отырып, 16 ақпанда 1,9 млн теңге қаражат кәсіпкерліктің есепшотына аударылған. Бұдан кейін де шығармашылық орталығы "Талант" жеке кәсіпкерлігіне төрт шара өткізуге "бір көзден алу" әдісімен төрт рет тапсырыс берген.

Осы жайға байланысты Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Ақылбек Рысқалиев: "Бұрынғы директор Б. Сартбаев өз еркімен жұмыстан босатылды. Негізінде, кез келген мемлекеттік ұйым жоспарлы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру барысында мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, кемінде үш кәсіпкерден коммерциялық ұсынымдар алуы керек. Аталмыш коммерциялық ұсыным бойынша ең төмен баға ұсынған ЖК "Талант" пен "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның 39-бап, 3-тармақ, 46-тармақшасы негізінде тікелей шарт тұжырымы бір дерек көздерден мемлекеттік сатып алудың тәсілі негізінде келісімшарт ақпан айында жасақталды. Көрсетілген қызметтерге қызметі заңмен тыйым салынбаған кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу веб-порталына жарияланатын іс-шараларды өткізу үшін мемлекеттік сатып алуларға қатынасуына заң бойынша, яғни жеке кәсіпкер ретінде қатысуына шектеу жоқ", – деп жауап берді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу