"Өзім бірінші сөз салдым": Дина Төлепберген алғаш рет отбасы туралы айтты

9796

Журналист алғаш рет өзінің отбасы жайлы әңгіме өрбітіп, өмірінде болып жатқан сәттерімен бөлісті. 

"Өзім бірінші сөз салдым": Дина Төлепберген алғаш рет отбасы туралы айтты Фото: dina_tolepbergen

Ол YouTube арнасындағы TalkLike бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Журналист өзінің жолдасы Маратпен 13 жыл бұрын отбасы құрғанын айтты. 10 жасар ұл бала тәрбиелеп отырған ана.

Дина Төлепберген жолдасымен Астана қаласында танысқан. Алайда жұмыс ауыстыруына байланысты екеуі де Алматыға көшіп кеткен. Ерлі-зайыпты болғанға дейін, қыз бен жігіт болып 3 жыл жүрген. Ал үшінші жылы журналистің өзі шыдамай, қазіргі жолдасына "маған сөз салмайсың ба" деп сұрақты төтесінен қойған.

Журналистің сөзінше, 28 жасында тұрмысқа шыққан.

"Ол үлкен, алып махаббат. Тұрмысқа шыққаныма он үш жыл. Қыз бен жігіт болып үш жыл жүрдік. 28 жасымда тұрмысқа шықтым. Жұмыс бабымен Алматыға қоныс аудардым. Ол кісінің де жұмысы Алматыға ауысқан. Алматыда табысып, ерлі-зайыпты болдық. Ол кісі бірден талап қойды. "Біздің отбасымызда бір ғана жұлдыз болады, ол сен, сенің атағың, абыройың бар, бірақ мен сені ол үшін жақсы көріп жатқан жоқпын. Маған ол керек емес" деді. ...Мен оны күттім. Үшінші жыл болған кезде "сіз маған сөз саласыз ба? Мен сіздің жарыңыз болуға дайынмын" дедім. "Неге ертерек айтпадың?" деді. Ол мені күтіп жүрген", - деді журналист.

Журналистің айтуынша, кейбір қыздар секілді болашақ жарын әкесіне қарап таңдап жатса,  ол болса әкесіне ұқсағанын қаламаған.

“Ұзатуымды әкемнің өзі жасап берді. Болашақ жарымның әкеме ұқсамағанын қаладым. Бұл өте нәзік тақырып болғаны үшін, көп қозғамауға тырысамын. Әкемді кешіруге жүргізген бағдарламам әсер етті. Ол кісі немерелерін өте қатты жақсы көреді. Сол балаларды алып барғанда отырып кеңінен сырласудың сәті түсті. Жұрт ойлауы мүмкін Дина мүлдем әкесімен араласпайды екен деп. Олай емес. Біздің жағдайда сәл басқашалау. Ол кісінің екінші отбасынан інім бар. Шымкентке барғанда күтіп алып, көлігімен алып жүреді. Әлеуметтік желіде жиі анамның фотосын саламын ғой. Менің анам бақытты. Өмір бойы дәрігер болып еңбек еткен. Кардиолог болып жүріп, заман қиын кезде еден жуатын. Егін басында қалған пияз бен картопты терген. Тауда қалып кеткендерді құтқаратын топта та еңбек еткен”, – дейді журналист.

Сонымен қатар журналист баласының денсаулығын жақсарту үшін тынбай жұмыс жасап жатқанымен бөлісті.

“Тұңғышымның жасы 10-да. Денсаулығын жақсарту үшін тынбай жүгіріп жатырмыз. Өткен жолы жансақтау бөліміне түсіп қалдық. Лейкоцит саны төмендеп кетеді. Егер қалыпты адамда ол үш жүз мың төңірегінде болса, ауруханаға түскен кезде менің баламның лейкоциті төрт мың ғана болған. Шынын айтқанда, бұл аурудың табиғатын әлі күнге дейін түсіне алмай отырмын. Қазір емделіп жатырмыз. Бір жыл бойы балам мектепке барған жоқ. Өзімді жаман анасың деп сөктім. Дәрілер іштік. Бір жыл бойы изоляцияда болдық. Енді сол ауруды жеңу бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – дейді журналист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу