"Өзімді тастанды бала сезініп өстім": Айгүл Иманбаева жылап қалды

924

Ол басынан қандай жағдай өтсе де, ата-анасына алғысы шексіз екенін жазды.

"Өзімді тастанды бала сезініп өстім": Айгүл Иманбаева жылап қалды Фото: видеодан алынған кадр

Танымал әнші Айгүл Иманбаева Instagram парақшасында балалық шағы туралы ой толғап, оқырмандарын ойландырып қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Актриса балалық шағында ата-анасының ажырасқаны жанына жара салғанын жасырмады.

"Бала Айгүл ақылды тентек болды. Менің балалығым материалды тұрғыдан қарағанда ештеңеден қиындық көрмей, бақытты балалық шақ болып өтті. Қазақша айтқанда "ішкенің алдында, ішпегенің артыңда", киген киімің, баратын жерің барлығы да болды. Бірақ рухани жанның, жүректің әңгімесі менің отбасымда басқаша болды. Себебі мен әкесіз өстім", - дейді әнші.

Өнер иесі ата-анасын кінәламайтынын атап өтті.

"Әрине, ол үшін мен қазір әкемді де, шешемді де кінәламаймын. Бірақ бала Айгүлдің жүрегі мұның біреуін де түсінген жоқ. Себебі бала болдым. Үш баланың ішіндегі ең тентегі мен болдым. Әке-шешенің арасындағы айқай-шу, реніш, олардың ажырасуы баланың жүрегіне қаяу салмай, жүрегін жараламай қоймайды. Сондай жаралы бала болып өстім. Шешем мен бауырларым қасымда болса да, өзімді тастанды бала сезініп өстім. Даладағы, жалғыз қалып қалған бала болып өстім. Бұның барлығы бала Айгүлдің жарасы. Сол жарам бүгінде мені толыққанды адам, Айгүл Иманбаева жасады", - деді әнші.

Сонымен қатар ол басынан қандай жағдай өтсе де, ата-анасына алғысы шексіз екенін жазды.

"Әр бала балалық шағында “Бақытты балалық шақты” бастан өткізу керек және әр бала оған лайықты, барынша баланың жүрегіне қаяу түсірмеу керек.

Мен өзімнің балалық шағымдағы сәттеріммен бөлістім, бірақ менің осындай балалық шағым бүгінгі мені Айгүл Иманбаева етті, сол үшін мен Әке-Шешеме алғысым шексіз", - деп жазды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу