Өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын бағдарлама әзірлеу керек – депутат

170

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.  

Өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын бағдарлама әзірлеу керек – депутат Фото: parlam.kz

Ғарыш саласында кадрларды дайындау ұзақ мерзімді талап етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Биыл – Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. "Байқоңыр жердің кіндігі" – деп бекер айтылмаса керек. Осы күнге дейін ғарышқа ұшқан адам баласының тең жартысы қасиетті қазақ жерінен көкке көтерілді. Осы жылы 8 сәуірде бірқатар депутат "Байқоңыр" ғарыш айлағына барып, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткіздік. "Бәйтерек" кешенін жаңғырту жұмысы барысымен таныстық", – деді депутат.

Бұл жоба Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағынан коммерциялық мақсатта зымырандар ұшыру еліміздің әлемдік зымырандар тасу нарығына кіруіне үлкен мүмкіндік береді.

Депутаттың сөзінше, арнайы кадрлық резервті қалыптастыру, оның ішінде дарынды жастарға жоғары оқу орындарында гранттар бөлу, студенттер үшін практикалық алаң беру, арнайы стипендиялар тағайындау, әлеуметтік қолдау шаралары арқылы болашақ ғарышкер - ғалымдарды тәрбиелеуді қолға алған жөн.

"Космонавт Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшқанына 10 жыл өтті. Байқоңыр ғарыш айлағы бар еліміз, одан бері бірде-бір космонавты ғарышқа ұшырмады. Келесі космонавтымыз кім болмақ? Ал алдағы 5-6 жылда төртінші қазақ ғарышқа сапар шегуі мүмкін бе?" – деп сауал тастады. 

Осыған байланысты, қазірден өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын арнайы бағдарлама әзілеуді ұсынамын.

"Кадрларды даярлау мәселесін толығымен қайта қарау қажет. Аэроғарыш саласында кез-келген жобаның орындалуы 90% ғылыми және техникалық кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты. Жобаларды іске асырудың ұзақ мерзімдері, қымбаттауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кейбір жобаларды іске асыруды тоқтата тұру кадрлардың басқа салаға ауысуына, шет елдерге жаппай кетуіне әкелуде", – деді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу